Қазақстанда жұмыртқа арзандап, көкөніс қымбаттады — Сауда комитеті
2025 жылдың қаңтарынан бері жұмыртқа бағасы 3% төмендеген

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты болып отыр. Бірқатар өнім бойынша жылдың басынан бері бағаның төмендеуі тіркелді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең айтарлықтай арзандаған өнімдердің бірі – тауық жұмыртқасы. 2025 жылдың қаңтарынан бері жұмыртқа бағасы 3% төмендеген. Сәуірдің ортасындағы жағдай бойынша С1 санатындағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы 531 теңгені құрайды. Қаңтарда бұл көрсеткіш 548 теңге болған.
«Бағаның төмендеуі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде мүмкін болды. Ақпанда Сауда министрлігі, салалық қауымдастықтар және сауда желілері арасында меморандумға қол қойылып, С1 санатындағы жұмыртқаның максималды көтерме бағасы – бір данасы 55 теңгеден аспауы тиіс деп белгіленді. Сондай-ақ құжатта сауда үстемесін шектеу және қосымша үстеме баға салуға тыйым салу қарастырылған», — делінген хабарламада.
Бағасы төмендеген өзге тауарлар қатарында күріш (–4,7%), ұн (–1,8%) және қарақұмық (–0,3%) бар. Ал сүт өнімдері мен күнбағыс майы, макарон өнімдері бойынша баға өзгеріссіз қалды.
Сонымен қатар көкөністерге қатысты бағаның аздап өскені байқалады. Атап айтқанда, қырыққабат 3,5%, сәбіз 1,6%, пияз 1,8%, ал картоп 1,7% қымбаттаған. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл – маусымаралық кезеңдегі сақтау және логистика шығындарының артуымен байланысты.