«Бренд киім сатамын»: Алматыда интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен 34 жастағы әйел адам ұсталды
Полиция қызметкерлері сатып алушыларды алдаған бірнеше деректі тіркеді
Алматыда интернет желісін пайдаланып, бірқатар алаяқтық жасады деген күдікпен 34 жастағы әйел адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, күдікті желіге брендтік киім-кешек пен тұрмыстық бұйымдарды сату туралы хабарландырулар орналастырған. Клиенттерден алдын ала төлем немесе толық төлем алған ол, жеткізу бойынша міндеттемелерін орындамаған.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері сатып алушыларды алдаған бірнеше деректі тіркеді.
ҚР ҚК-нің 190-бабы – алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Әйел қамауға алынды.
«Интернет кеңістігін алаяқтар азаматтарды алдау үшін белсенді түрде пайдаланады. Қала тұрғындарын қырағы болуға, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға, егер күдік туындаған жағдайда дереу полицияға хабарласуға шақырамыз. Осы әйелдің қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтарды тиісті арызбен бізге хабарласуын сұраймыз», - деді, Алмалы аудандық полиция Басқармасының бастығы Мақсат Пшан.