Маңғыстау өңірінде 800 мыңнан аса адам тұрады – Тоқаев
Президент аймақтың дамуы туралы кеңес өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңіріне жұмыс сапары аясында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, аймақтың жалпы өнімі екі жылда 1,3 есеге өсті
«Мен бүгін Ақтауға жұмыс сапарымен арнайы келіп отырмын. Басты мақсат – облыстың ахуалымен танысу, аймақтағы өзекті мәселелерді талқылау. Еліміз үшін Маңғыстаудың орны бөлек. Бұл – стратегиялық маңызы бар аймақ. Маңғыстауды батыс қақпасы деуге болады. Мен облыстың тыныс-тіршілігін ерекше назарда ұстаймын. Сондықтан бүгін аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысын егжей-тегжейлі талқылауымыз қажет.
Аймақтың жалпы өнімі екі жылда 1,3 есеге өсті. Өткен жылдың бастапқы 9 айында өңірлік жалпы өнім 3,7 триллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш, бір қарағанда, жаман емес. Биыл бірінші тоқсандағы экономикалық индикатор 104,8 пайыз болды. Облысқа соңғы екі жылда 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды», - дейді президент.
Ол сөзін жалғай отырып, аймақ халқының нақты саны, болашағы жайлы қозғап өтті.
«Аймақ тұрғындарының саны үздіксіз өсіп келеді. Қазір мұнда 800 мыңнан астам адам тұрады. Жақында мен Шымкентке барғанда көші-қонды, яғни, миграцияны бақылаусыз қалдыруға болмайды деп айттым. Болжам бойынша көп ұзамай облыстағы халық саны бір миллионға жетуі ықтимал, тіпті, одан асуы да мүмкін. Бұл жағдай экономикаға және әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіреді. Бұл факторды ұмытпауымыз керек, популизмге ұрынбаған жөн.
Мен бұған дейін таза ауыз су мәселесін шешуді, білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жақсартуды тапсырдым. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-логистика әлеуетін арттыру және туризм саласын дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылды. Біраз шаруа жасалған. Жетістіктер аз емес, бірақ кемшіліктер де бар. Оны мойындау керек және ашық айту қажет.
Нақты жоспар бар, міндеттер – белгілі. Өзекті мәселелерді шешу үшін Үкімет пен әкімдік күш жұмылдырып, белсенді жұмыс істеуге тиіс. Әкім Нұрдәулет Қилыбай жұмысына белсенді түрде кірісті, алдында тұрған міндеттерді, мәселелерді түсінеді, оларды шешу жолдарын біледі. Таяу арада нәтижелерді күтемін. Оның көтерген мәселелері – өте өзекті, бұл мәселелерді Үкімет мұқият қарауы керек. Басты мақсат – облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл – анық нәрсе», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.