«Кішкентай Бишімбаев» деп буллинг жасады: Астана тұрғыны Жеңіс Қасымбекке балабақшада болған сұмдық оқиғаны баяндап берді
Ол балабақша заңсыз дотация алғанын да ашық айтқан

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен «Сарайшық» ауданындағы халықтың кездесуінде осы ауданда тұратын әйел жекеменшік балабақшада болған жағдайды айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жас ана Нәжімеденов көшесінде тұрады және жақын маңда мемлекеттік балабақша болмағандықтан, баласын жекеменшік мекемеге берген. Алайда, баласы тек бір ай ғана барып, мекеме тарапынан қысым көріп, ешқандай рәсімсіз заңсыз түрде шығып қалған.
«24 қыркүйекте ата-аналармен болған даудан кейін, екі жасар баламды заңсыз балабақшадан шығарып жіберді. Әкімшілік менің балама әлеуметтік буллинг жасап, оны «агрессивті», «бейадекватты», «кішкентай Бишімбаев» деп атады», - деді ашынған ана.
Анасы болған оқиға бойынша полиция бөліміне, прокуратураға, білім басқармасына арыз жазған. Алайда мемлекеттік органдар балабақша жекеменшік болғандықтан, тексеруге құқығы жоқ екенін алға тартып, ресми жауап хаттармен шектелген.
Шағымданушы жекеменшік балабақшаның мемлекеттік дотацияны заңсыз жолмен алып отырғанын айтты. Оның айтуынша, баласы Нәжімеденов көшесіндегі филиалда тәрбиеленгенімен, дотация басқа – Мәскеу көшесіндегі филиал арқылы рәсімделген.
«Бізді жеке кабинет арқылы жинап, дотация рәсімдеп, басқа филиал арқылы өткізіп отыр. Бұл – қаржылық бұрмалаудың көрінісі», – деді ол.
Арызданушының айтуынша, балабақшада СЭС қорытындысы мен рұқсат құжаттары жоқ. Тіпті балалар уланса да ешбір құзырлы орган оған мән бермеген көрінеді.
«Уланған балалар болды, бірақ бәрі жабылып, ескерусіз қалды», – дейді әйел.