Ақтауда 1,8 млн долларды шетелге шығарған компания 150 млн теңге айыппұл төлейтін болды
Сот қаулысы заңды күшіне енді

Ақтауда 1,8 млн долларды шетелге заңсыз жолмен шығарған компанияға 150 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтау қаласының прокуратурасы ҚР 1,8 млн АҚШ долларын валюталық заңнаманың талаптарын бұза отырып шетелге шығарған компанияға қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулысына өтінішхат келтірді.
Прокурордың өтінішін қарау нәтижесінде облыстық сот алқасы бұрын қабылданған шешімнің күшін жойып, компанияны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
«Сот валюталық түсімді уақтылы репатриацияламағаны үшін компанияға 153 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Қабылданған шешім валюталық операцияларды реттейтін заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтау маңыздылығын растайды және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған.
Прокуратура заңдылықтың сақталуын қадағалау және елдің экономикалық қауіпсіздігін қорғау бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастырады», - делінген прокуратура хабарламасында.