$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Баламның жаны қиналып жатқан»: Таразда антибиотик салдырған екі ер адам көз жұмды

Екі адам да анафилактикалық шоктан қайтыс болған

«Баламның жаны қиналып жатқан»: Таразда антибиотик салдырған екі ер адам көз жұмды
Фото: pixabay

Таразда ем-шара кабинетіне барып антибиотик салдырған екі ер адам өмірімен қоштасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.

Араға бірер күн салып қайталанған қайғылы оқиға жұртты шошытып отыр. Өйткені екі адам да анафилактикалық шоктан қайтыс болған. Медициналық қызмет көрсеткен орталықтың лицензиясы болмапты. Қазір тараздағы барлық процедцуралық кабинетті тексеру басталып кетті.

Бейнежазбада 29 жастағы Исламбектің ем-дом кабинетіне келгенін көруге болады. Пойызда жолсерік боп жұмыс істейтін ол сапарға шығар алдында тамағын шайдырмақ болған дейді. Алайда қолында дәрігердің нұсқаулығы болмаған. Соған қарамастан, сынама жасамай, науқасқа бірден екпе салған. Антибиотикті көтере алмаған науқас ес-түсінен айырылған.

Марқұмның әкесі ұлының мезгілсіз өліміне ем-дом кабинетінің мейірбикесін кінәлайды. Жұмыс істеуге рұқсаты жоқ мекеменің қызметкерінінде  науқасқа нұсқаулық беріп, екпе салуға заңды құқы болмапты.

«Бала сол жерде 15 минуттай қиналған. Қиналған кезінде ешбір дәрігер көмек бермей, білгенін істеген. Бұл жерде алғашқы көмек көрсету үшін адреналин де болмаған және алғашқы көмекке препараттар да болмаған», - дейді марқұмның әкесі Темірхан Үсенов.

Ал ем-шара бөлмесінің иесі марқұмның өліміне «еш қатысымыз жоқ» дейді. Айтуынша, олар науқасқа қолынан келген бар амалын  жасаған.

«Видеодан көргендеріңіздей, ол басында қимылдап жатқан. Алайда жедел жәрдем бригадасы уақыт өткізіп алды. Олар келе сала, ЭКГ аппартын қоя бастаған. Оның не қажеті бар? Біз оларды алдын ала антибиотикке рекция болып жатқанын ескерттік», - дейді  ем-шара бөлмесінің иесі Адиля Ақылова.

Дәл осындай жағдай араға бес күн салып басқа емдеу орталығында қайталанған. 50 жастағы Ерлан Атабеков дәрігердің нұсқауымен дәрі-дәрмек алып емшара орталығына барған. Алайда ондағы қызметкерлер сынама екпені қолына емес, жамбасына бірден салып жіберген дейді марқұмның жесірі.

«Мұнда күйеуім екеуіміз бірге келіп, ақырында мен оның өлі денесін алып қайттым. Сот-медициналық сараптама күйеуімнің анафилактикалық шоктан қайтыс болғанын дәлелдеді. Қазір біліксіз мамандардың кесірінен екі баламмен жесір қалдым», - дейді марқұмның жесірі Мөлдір Мекемтас.

Марқұмның жесірінің айтуынша, бұл жердегі медицина қызметкерлері бұл жағдайда не істеу керек екенін де білмейді. Оның айтуынша, жедел жәрдем келгенше мейірбикелер еш шара қолданбаған.

Қайғылы жағдайдан кейін бұл орталықтың есігіне құлып салыныпты. 

«Бұл ем-дом кабинеттерінің екпе процедурасын жасауға арнайы лицензиясы болмаған. Әсіресе бұлшық етке және көктамырға екпе салуға арнайы дайындықтан өткен маман болуға тиіс. Алайда мейірбикелердің ондай құқығы жоқ. Сондықтан қазір бұл орталықтар тексеріске жабылды», - дейді Жамбыл облысы медициналық қызмет және фармацевтиканы бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Базарханова.

Соңғы қайғылы жағдайдан кейін бүкіл мекемелер тексеріліп жатыр. Тараз қаласында процедура кабинеттері карантин кезінде жаппай ашыла бастаған. Мамандар оның көпшілігінде арнайы лицензия жоқ деп отыр. Ал полиция департаменті екі адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары