$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан Қарулы күштерінің 139 әскери қызметшісі Голан жоталарына аттанды

Бітімгерлік контингенттің барлық әскери қызметшісі ерікті негізде қабылданды

Қазақстан Қарулы күштерінің 139 әскери қызметшісі Голан жоталарына аттанды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында Голан жоталарына екінші ұлттық бітімгерлік контингентті шығарып салу рәсімі өтті,деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бітімгерлерге ақжол тіледі. Ол Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қолдау ісіне қатысуының маңыздылығын атап өтті.

"Бітімгерлік контингентті Голан жоталарына өз бетінше өрістету – Қазақстан Республикасының және оның Қарулы күштерінің әлемдік аренадағы беделінің дәлелі. Халықаралық стандарттар бойынша дайындалған және жарақтандырылған біздің контингент БҰҰ миссиясының мандаты шеңберінде жүктелген міндеттерді орындауға дайын", – деп атап өтті ол.

Бұдан соң екінші бітімгерлік контингентінің командирі подполковник Жәнібек Нұрланов бастаған әскерилер плацта салтанатты саппен жүріп өтті. Осы сәттен Қарулы күштердің 139 әскери қызметшісі алғашқы контингентті ауыстыру үшін Дамаскіге жол тартып кетті.

"Бітімгерлік контингенттің барлық әскери қызметшісі ерікті негізде қабылданды. Олардың арасында екі әйел бар. Іріктеу жан-жақты дайындық нәтижелері бойынша жүргізілді. Кандидаттардың кәсіби және моральдық қасиеттері ескерілді. Біздің контингент БҰҰ мандаты шеңберінде қойылған барлық міндетті орындауға дайын екеніне сенімдіміз", – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы подполковник Уәлихан Бәйкенов.

Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, блокпостарды күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналдарын алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады.  

Серіктес жаңалықтары