Татыр көлінде балық жаппай қырылып жатыр
Балықтың қырылуына оттегінің жетіспеушілігі себеп болуы мүмкін

Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Татыр көлінде балық жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.
Су айдыны жағалауынан 7 тоннаға жуық табан, сазан, шортан өлекселері жиналып алынды. Тазарту жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Балық шаруашылығы инспекциясы мамандарының айтуынша, өңірде желбезектілердің бұлай жаппай қырылуы бұрын-соңды болған емес. Оның себебін анықтау үшін көлден су сынамасы алынып, зертханалық тексеріске жіберілді.
Бастапқы болжам бойынша балықтың қырылуына оттегінің жетіспеушілігі себеп болуы мүмкін.
«Су айдынының аумағы шамамен 768 гектар. Былтыр көлге су келді. Бірақ нақты иесі болмағандықтан ешқандай мелоративті шаралар жүргізілмеген. Яғни оттегімен қамтасыз ету үшін ойықтар ойылмаған. Біздің ойымызша, балықтар ауа жетпей тұншығып өлген. Қазіргі кезде су бетіндегі, жағалаудағы өлекселерді жинап, оларды жою жұмыстары жүріп жатыр», - дейді Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Мұрат Моргулов.