Қазақстанның 11 қаласында ауа сапасы нашарлайды
Бұл жағдайда зиянды қоспалар жерге жақын қабатта жиналып, таралмай қалады

30 наурызда Қазақстанның бірқатар қалаларында ауа сапасының төмендеуі күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамы бойынша, қолайсыз метеожағдайлар Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Өскемен, Риддер, Семей және Петропавл қалаларында байқалады.
Мамандардың айтуынша, атмосфералық ауаның сапасының төмендеуіне әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия әсер етеді. Бұл құбылыстар кезінде зиянды қоспалар жерге жақын қабатта жиналып, таралмай қалады.
Синоптиктер келесі сақтық шараларын ұстануды ұсынады:
- Көшеде, әсіресе жолдар мен өндірістік аймақтардың маңында көп уақыт өткізуден аулақ болу;
- Терезелерді ашудан бас тарту– әсіресе, ауа сапасы ең төмен деңгейде болған уақытта;
- Дем алу қиындаған жағдайда маска немесе респиратор қолдану;
- Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға– далада физикалық жүктемелерден бас тарту және дәрігер нұсқаулығын сақтау;
- Автокөлік жүргізушілеріне – ауаға зиянды заттардың бөлінуін азайту үшін мүмкіндігінше қоғамдық көлікке ауысу ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, қолайсыз метеожағдайлардың ұзақтығы мен әсер ету деңгейі ауа райының өзгеруіне байланысты болмақ.