Азия чемпионатында қазақстандық палуан соңғы секундта жеңісті жұлып, финалға шықты
Ол 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль үшін күреседі

Қазақстандық палуан Жәмилә Бақбергенова әйелдер күресінен Азия чемпионатының финалына шықты. Құрлықтық дода Иорданияның Амман қаласында өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль үшін күреседі.
Жартылай финалда Жәмилә жапониялық Масако Фуруичиден басым түсті. Бақбергенова қарсыласынан бір ұпайға қалып келе жатқан еді. Алайда белдесудің аяқталуына бір секунд қалғанда нәтижелі әдіс жасап, есепті теңестірді.
Басымдық Жәмиләнің жағында болғандықтан, ол финалға өтті. Қарсылас команда «челлендж» сұратқанымен, төрешілер Жәмиләнің әдісін есепке алды.
Осылайша, әйелдер құрамасының көшбасшысы Азия чемпионатының алтын медалі үшін күреседі. Финалдық кезең Астана уақытымен 20:00-де басталады.