«ҚазМұнайГаз» Атырау мұнай өңдеу зауытының жекешелендірілуіне қатысты түсініктеме берді
Бұл мәселе зерделеніп жатыр

Атырау мен Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының жекешелендірілуі – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бастамасы. Бұл ұсыныс мұнай өңдеу саласы мен мұнай өнімдері нарығындағы бәсекелестікті арттыруды, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың үлесін азайтуды көздейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бұл процестің техникалық, экономикалық және корпоративтік шешімдерді талап ететінін атап өтіп, бұл мәселені терең зерттеп жатқанын мәлімдеді. Мұндай стратегиялық өзгерістер бірнеше жылға созылуы мүмкін.
«ҚазМұнайГаз» мұнай-газ химиясын дамыту мақсатында әртүрлі елдердегі компаниялармен, оның ішінде «Татнефть» ЖАҚ-пен ынтымақтастық орнатуға ашық.
Екі компания өндірістік технологиялар, жекелеген қондырғылар және мұнай-химия шикізаты базасында жоғары қосылған құны бар өнімдерді өндіру бағытында тәжірибе алмасып келеді.
«Татнефть» мұнай химиясы саласында жоғары тиімділік көрсетіп, Атырау мұнай өңдеу зауыты базасында терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат (ТФК және ПЭТФ) өндірісіне инвестиция құюға қызығушылық танытқан.
Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының өнімділігі артып келеді:
2020 жылы жеңіл мұнай өнімдерінің орташа шығымы 70% болса, 2024 жылы 74%-ға, 2025 жылдың 1-тоқсанында 76%-ға жетті.
Мұнай өңдеу тереңдігі 2020 жылғы 85% көрсеткішінен 2024 жылы 87%-ға, 2025 жылдың 1-тоқсанында 88,6%-ға дейін өсті.
2023 жылмен салыстырғанда, 2024 жылы жеңіл мұнай өнімдерін өндіру 370 мың тоннаға артты. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, елдегі мұнай өңдеу зауыттарында («CASPI BITUM» БК» ЖШС қоса алғанда) 17,44 миллион тонна мұнай өңделді.