Биылғы ҰБТ-да қандай өзгерістер бар – Білім министрінің жауабы
Педагогика мамандығына түсетіндер үшін талап күшейтілген
2020 жыл ҰБТ тапсырушылар үшін жаңа өзгерістер көп. Солардың бірі – түлектердің бет-әлпетін тану, тұлғаны сәйкестендіру. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ҰБТ уақыты төрт сағатқа дейін ұзартылды.
«Атап айтқанда, ҰБТ-ға кіру кезінде бет-әлпетін тану «Face ID» көмегімен тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. Жыл сайын берілген қағаз сертификат орнына, осы жылы ҰБТ электронды сертификаты және білім беру грантын тағайындау кезінде де электронды куәлікті енгіздік», - деді Аймағамбетов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, SAT және IB халықаралық тестерінің ұпайын ҰБТ балына аудару шкаласы енгізілді, сондықтан осы сертификаттарға ие түлектер ҰБТ тапсырудан босатылып, білім грантын тағайындау конкурсына ауысқан балмен қатыса алады.
Одан бөлек, педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін талаптар күшейтілді. Педагог болу үшін шекті балл 70 ұпайға дейін көтерілді. Ал шекті балл жинамағандар енді жыл бойы ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие болмақ.
«Талапкерлерден тыйым салынған заттар табылған жағдайда немесе бейнежазбаның сараптамасын қарау кезінде анықталған болса, онда ҰБТ нәтижесі, сондай-ақ білім беру гранты жойылады», - деді ол.
Бұдан бөлек, тестілеуге қатысатындарға тапсыру орындарында қарапайым калькулятор беріледі. Ал тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан төрт сағатқа дейін ұзартылады.
Еске салсақ, биыл ҰБТ 20 маусымнан 5 шілдеге дейін 15 лекпен санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы 161 пункте өткізіледі. Республика бойынша жалпы саны 131 755 адам тест тапсырады.
Осы жылы ҰБТ форматы өзгертілген жоқ. Барлығы бес пән – үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тестілеу қағаз жүзінде өтеді. Барлық тест тапсырмасының саны – 120, максималды балл – 140.