Тағы да төбелес: Павлодарда қыз бала қатарласын соққыға жықты
Желіде №16 мектеп оқушысының басқа қыз баланы ұрып-соққан сәті түсірілген видео жарияланды

Павлодарда адам шошырлық оқиға болды. Мектеп оқушысы қатарласын соққыға жыққан, ал қасындағы қыз балалар оқиғаны видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желіде №16 мектеп оқушысының басқа қыз баланы ұрып-соққан сәті түсірілген видео жарияланды. Қауіпті кадрлар «Молодой Кабылтаев» Telegram-арнасында жарияланды.
Төбелеске қатысушылардың жеке басы анықталды. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігімен («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеуге байланысты міндеттерді тиісінше орындамау») қол сұғушылық жасаған кәмелетке толмағанның заңды өкіліне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Қатарласын соққыға жыққан оқушы қыз қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмағандықтан, оның мінез-құлқын Павлодардың кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы қарайтын болады.
«Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда Шығыс Қазақстан облысы Серебрянск қаласындағы «Девианттық мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты» ММ-ге кәмелетке толмаған баланы жіберу мәселесі қаралды», - деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.
Жасөспірімдер оқитын жалпы білім беретін мектеп әкімшілігіне құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс жолданды.
Айта кетейік, осыған дейін Семейде мектеп оқушысын аяусыз соққыға жыққан балаларға қатысты сот шешімі жарияланған болатын.