«Арақ ішіп, сабақтарына бармаған»: Семейде өздерінен кіші баланы сабаған жасөспірімдерге қатысты сот үкімі шықты
Сот отырысы бүгін, 18 наурыз күні жабық түрде өтті

Семей соты бір топ жасөспірімнің баланы аяусыз соққыға жығуына қатысты істі қарап, сотталушыларды арнайы мектепке жіберу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сот 13 және 16 жастағы екі қызды девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мамандандырылған мектепке төрт айға орналастырды. Тергеу барысында олардың жүйелі түрде құқық бұзушылық жасағаны анықталды. Олардың бірі сабаққа себепсіз бармай, колледжге жиі келмеген. Сондай-ақ қыздардың алкогольдік ішімдік ішіп, түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүргені белгілі болды. Егер мінез-құлқы түзелмесе, арнайы мектептің өтініші бойынша бұл мерзім ұзартылуы мүмкін», – деп мәлімдеді Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Қарлығаш Қасымова.
Сот шешімімен 13 жастағы тағы бір жасөспірім ерекше режимдегі мектепке алты айға жіберілді. Тергеу дерегінше, ол соңғы екі айда екі рет қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, бірақ жасы кәмелетке толмағандықтан жауапкершілікке тартылмаған.
«Ол ұрлық және бұзақылық әрекеттерімен көзге түсті. Алайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жетпегендіктен, істері қысқартылды. Өкінуін ескере отырып, сот оны алты айға ерекше режимдегі мектепке орналастыру туралы шешім қабылдады», – деді судья Қарлығаш Қасымова.