Қазақстанда «Тазару күні» экологиялық акциясы өтті
Қалалар мен ауылдарда абаттандыру және тазалық шаралары ұйымдастырылды

Наурыз мейрамы қарсаңында елімізде дәстүрлі «Тазару күні» кең көлемде атап өтіліп, қалалар мен ауылдарда абаттандыру және тазалық шаралары ұйымдастырылды. Бұл бастаманы «AMANAT» партиясының мүшелері мен еріктілері қолдап, республика бойынша экологиялық акцияларға белсене қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бүкіл елде «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық экологиялық акция өткізіліп келеді. Президент бұл бастаманың қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және өмір сүру салтын өзгертуге ықпал ететінін бірнеше рет атап өтті.
«Наурыз – тазалықтың мерекесі. Осы игі дәстүрді ұстана отырып, біз бұл күні ағаш отырғызып, бұлақ көздерін ашып, айналаны көгалдандырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орал қаласында «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы мен «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері және қала тұрғындары Орталық базар аумағын тазалап, қоқыс жинады. Үш сағат ішінде 40 қап қоқыс жиналды.
Шымкентте 50-ге жуық белсенді Абай саябағындағы «Даңқ мемориалы» аумағында сенбілік ұйымдастырып, Ұлы Отан соғысы батырларының құрметіне орнатылған кешенді тазалады.
«Мемориалды тазарту арқылы біз бейбіт өмір үшін жанын қиған бабаларымызға құрметімізді білдіреміз. Өскелең ұрпақ өз батырларын біліп, мақтан тұтуы тиіс» – деп атап өтті «Жастар Рухы» филиалының төрағасы Бекзат Төлебай.
Көкшетауда партия белсенділері орталық алаңдардың бірін тазалап, қоқыс жинап, топырақты қопсытты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырады.
Талдықорғанда 1000-нан астам адам сенбілікке қатысып, 5 саябақ пен 40 скверді тазалады. Ағаштардың әктелуі, арықтардың тазалануы және құстарға арналған ұялардың орнатылуы сынды жұмыстар атқарылды.
Айта кетейік, бұл шаралар еліміздің барлық өңірінде өтті. Сонымен қатар, «Таза бейсенбі» акциясы аясында «AMANAT» партиясы мен белсенділер әр апта сайын сенбілік өткізіп келеді. Осы уақытқа дейін 120 мың тонна қоқыс жиналып, 100-ден астам өзен-көл тазартылды. Бұл жұмыстарды жүйелі жүргізу мақсатында ластанған аймақтардың картасы жасалып, әрбір учаске депутаттар мен еріктілердің бақылауына берілген.
Осындай ауқымды экологиялық бастамалар Қазақстанның жасыл әрі таза болашағына үлес қосуды мақсат етеді.