Мемлекет басшысы Халықаралық Олимпиада комитетінің жаңа президентін құттықтады
Ол – жүзуден Олимпиаданың бірнеше дүркін чемпионы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кирсти Ковентриге Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті болып сайлануына орай құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазақстан президенті Зимбабве өкілінің спорттағы айтулы жетістіктерін және мемлекеттік қызметтегі бай тәжірибесін атап өтіп, оның халықаралық олимпиада қозғалысын дамытудағы қызметіне сәттілік тіледі», - делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетейік, Кирсти Ковентри – жүзуден екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, бірнеше дүркін әлем рекордсмені. Ол Зимбабве тарихындағы ең көп медаль алған спортшы. Ол Зимбабве жеңіп алған сегіз Олимпиада медалінің жетеуін жеңіп алды.
Зимбабвенің бұрынғы президенті Роберт Мугабе Ковентриді «алтын қыз» деп атады. Сонымен қатар, ол өзінің спорттық карьерасында бес рет Африкадағы ең үздік жүзуші болып танылды.