Көкшетауда өткен «Кимешек шеруіне» 3 мың адам қатысты
Бастапқыда 200-300 адам қатысады деп жоспарланған

Көкшетауда Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Кимешек шеруіне» бастапқыда 200-300 адам қатысады деп жоспарланған, алайда бұл бастамаға соңында үш мыңға жуық адам қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мерекелік шерудің видеосын блогер Ринат Галлямов әлеуметтік желіде бөлісті. Кадрлардан жүздеген адам кимешек киіп, ән айтып, айналадағыларды Наурыз мейрамымен құттықтап келе жатқанын көруге болады.
Кимешек – қазақ пен қарақалпақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі. Жұқа ақ матадан тігілетін бұл бас киім басты толық жауып, мойын, кеуде, иық пен арқаны да жабады.
Кимешектің пішіні мен безендірілуі әртүрлі рулар мен тайпалардың ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп отырған. Жас келіндердің кимешектері ерекше әшекейленіп, ою-өрнекпен, түрлі-түсті жіптермен, зермен және күміс әшекейлермен безендірілген.