Трамп Білім министрлігін жабу процесін бастады
Ол арнайы жарлыққа қол қойды

АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі Білім министрлігін жабу процесін ресми түрде бастады. Бұл оның сайлауалды бағдарламасындағы басты уәделерінің бірі еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.
Ақ үйде өткен салтанатты шара барысында Трамп арнайы жарлыққа қол қойды. Оған штат губернаторлары, білім беру саласының өкілдері мен оқушылар шақырылды.
«Біз бұл министрлікті мүмкіндігінше тезірек жабамыз. Оның түк пайдасы жоқ», – деді АҚШ президенті.
Трамптың айтуынша, АҚШ білім саласына әлемдегі басқа кез келген елден көп қаражат жұмсайды, бірақ соған қарамастан, америкалық оқушылардың үлгерімі төмен.
Президенттің жарлығында Білім министрлігінің тікелей білім берумен айналыспайтыны және қажетсіз бюрократиялық аппаратқа айналғаны атап көрсетілген.
Министрлік жабылғаннан кейін барлық қызмет, бағдарламалар мен жеңілдіктер үздіксіз жұмыс істеуге тиіс.