Астанада құрылыс компаниялары 600-ге жуық заң бұзған
Құрылыс компаниялары жоспардан тыс тексеріліп тұрады

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында заң бұзған құрылыс компанияларына қандай жаза қолданылатыны туралы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкім өз сөзінде жоспардан тыс тексерулер жиі болып тұратынын ерекше айтып өтті.
«Қаланың дамуында маңызды аспекті – құрылыс компанияларының тұрғын үйлерді сапалы әрі заңды түрде салуы. Дегенмен, оны бәрі бірдей ұстана бермейді. Мәселен, өткен жылы 431 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 600-ге жуық заң бұзылғаны анықталды. Алты компания құрылыс лицензиясынан айырылды, сол сияқты заң мен құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 180-нен астам талап-арыз сотқа жолданды. Жерге қатысты тиісті құжат алмай құрылысы басталған төрт нысан сот шешімімен бұзылды. Аталған жұмыстың барлығы биыл да жалғасып жатыр», - дейді Жеңіс Қасымбек.
Ол сөз арасында құрылыс компаниялары қолданыстағы заңнаманың нормаларын қатаң сақтауы тиіс екенін айрықша атап өтті.
«Энергияның тиімділігіне, сондай-ақ экологиялық тазалыққа, оның ішінде құрылыс қоқыстарын шығаруға қатысты стандарттарды сақтауға ерекше назар аудару қажет. Қоқысты арнайы жабдықталған полигонға шығару керек. Оны рұқсат етілмеген орындарға төгіп, сол арқылы қоршаған орта мен елорданың келбетіне зиян келтіруге болмайды.
Заң бұзу оқиғалары анықталған жағдайда құрылыс компаниялары жауапкершілікке тартылады, оның ішінде айыппұл салу, қызметін тоқтату және заңсыз салынған нысандарды бұзу мәселелері қарастырылған», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.