СҚО-да балық аулауға барған алты адам қарға тығылып, айдалада қалды
Балық аулап дем алушыларға, қар мен бораннан өзге де қауіп бар дейді мамандар

СҚО-да Сергеевка су қоймасына балық аулауға барған балықшылар сол қалпы қайтып орала алмай қалған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеканалына сілтеме жасап хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысында қар құрсауында қалған балықшылар құтқарылды. Алты адам Сергеевка су қоймасына балық аулауға барып, кері қайта алмай қалған.
Ауа райының қолайсыздығына қарамай, ауыл арасындағы жолмен су қоймасына аттанған балықшылар мінген үш көлік кері қайта алмаған. Боран соғып жолды қар басып қалған екен. Сондықтан оларды құтқарушылар жол талғамайтын көлікпен сүйреп шығарыпты.
Балық аулап дем алушыларға, қар мен бораннан өзге де қауіп бар дейді мамандар. Себебі қазір су тасқынының алдын алу үшін Есіл өзенінің мұзын жару басталды. Яғни мұз жарылып, сең жүру қаупі күшейген.
«Балықшылардың қар құрсауында қалып қалғаны туралы ақпарат жетті. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел түрде екі құтқарушы мен бір арнайы техника жіберген болатын. Оқиға орынына кеп жеткеннен кейін біздің құтқарушылар көп ұзамай, балықшыларды қар құрсауынан шығарып, көмек көрсетті», - деді СҚО ТЖД қызметкері Ризабек Темірбеков.