Астанада қала маңындағы автобустар қозғалысы тоқтатылды
Бұл шешім қолайсыз ауа райына байланысты қабылданды

Астанада ауа райының күрт нашарлауына байланысты қала маңындағы бірнеше қоғамдық көлік маршрутының қозғалысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy CTSкомпаниясына сілтеме жасап.
Қозғалысы тоқтатылған бағыттардың қатарында №310, 315, 316, 317, 327, 328, 329 маршруттары бар.
Бұған дейін Қазгидромет елордада дауылды ескерту жариялаған болатын. Қазіргі уақытта Астанада қар жауып, боран соғып, көктайғақ қалыптасқан. Желдің жылдамдығы оңтүстік-батыстан секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, кей уақыттарда 23 м/с-қа дейін жетіп отыр.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, қолайсыз ауа райына байланысты Астанада қар тазалау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.
«10 наурыз таңынан бастап қар тазалауға 2 600-ге жуық жол жұмысшысы мен 1 645 арнайы техника жұмылдырылды. 9-10 наурыз аралығында коммуналдық қызметтер 38 524 текше метр қарды 2 726 жүк көлігімен қала сыртына шығарды. Алдымен көлік қозғалысы ең қарқынды болатын учаскелер тазартылып, кейіннен вокзал маңындағы аумақтар, алаңдар, тротуарлар және әлеуметтік нысандарға кіреберістер қардан тазартылуда», – делінген әкімдік мәлімдемесінде.