Петропавлда мас ер адам көшедегі адамдарды тапаншамен қорқытты
Бірнеше минуттан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері жетті

Петропавлда мас ер адам көшедегі адамдарға тапанша кезеніп, жұрттың зәресін алған. Алайда, оны Ұлттық ұлан офицері қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кешкі уақытта туыстарынан қайтып келе жатқан әскери қызметкер үй ауласында қолында травматикалық тапаншасы бар ер адамды байқайды. Ол мас күйінде өтіп бара жатқан адамдарға қару кезеніп, айналасындағыларға қауіп төндірген.
«Жағдайды түсінген офицер еш кідірместен оған жақындаған, бірақ қарулы адам тапаншаны оған да бағыттаған. Осы сәтте капитан жедел әрекет етіп, жауынгерлік тәсілдерді қолданып, оны құрықтап, қозғалмайтын күйде ұстап тұрған», — делінген хабарламада.
Бірнеше минуттан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері жетіп, қарулы бұзақыны қамауға алды. Ұлттық ұлан жауынгері батылдық пен кәсібилік танытып, қоғам қауіпсіздігі үшін маңызды рөл атқарды.