Алматы әуежайында қыз баланы қаскөйдің қолынан құтқарған ер адамның кім екені анықталды (ВИДЕО)
Ол қыз баланың орнына өзін кепілге ұсынған

Алматы әуежайында қыз баланың орнына өзін кепілге алуды ұсынып, артынша шабуыл жасағанның қолынан пышағын тартып алған ер адамның кім екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға бүгін, 7 наурызда болды. Әлеуметтік желіде оқиға куәгерінің видеосы жарияланды. Кадрда пышақ ұстаған ер адамның еденде отырған қызды шашынан ұстап тұрғанын, ал қыз баланың айқайлап жылап, көмек сұрағаны көруге болады.
24KZ мәліметінше, бейбіт күннің батыры – Әбдірайым Мұса Сайранбайұлы. Ол 1973 жылы туған.
Ол туыстарын шығарып салуға барғанда оқыс оқиғаның үстінен түскен. Мұса Сайранбайұлы өзін қыз баланың орнына кепілге алуды ұсынған.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайда әйелді құтқарған ер адамға награда беруді ұсынды.