Таза бейсенбі: Игі іске тұрғындар мен белсенділер қатысуда
Акция барысында 200 шаршы метрден астам аумақ тазаланды

«AMANAT» партиясының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтіп, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді. Аталмыш шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысында партия белсенділері Бесқарағай ауданы Глуховка ауылдық округінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Экологиялық тазалықты сақтауға бағытталған іс-шараға аудандық мәслихат депутаттары, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері және аудан тұрғындары қатысты. Барлығы 30-ға жуық адам жұмылдырылып, бірнеше арнайы техниканың көмегімен «Жеңіс» саябағының аумағы қардан тазартылды. Акция барысында 200 шаршы метрден астам аумақ тазаланып, 20 текше метр қар шығарылды.
«Ауданымызда экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған акция аясында тазарту жұмыстары тұрақты өткізіледі. Саябақтар мен ескерткіштер маңын тазалау арқылы ауданымыздың көркеюіне өз үлесімізді қосудамыз. Жалпы бұл жұмыс бір адам, бір ұйымның ғана емес, бүкіл қоғам болып атқаратын жұмыс», - деді аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қизат Ноғайшаұлы.
Қыстыгүні қарт кісілерге қол ұшын созу жұмыстары Батыс Қазақстан облысында жалғасын тапты. «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері жалғызбасты қарияларға көмек көрсетті.
«Ардагерлерге көмек көрсету жұмыстары - біздің еріктілер тобының ең негізгі қызметтерінің бірі. Үлкендерге қолғабыс жасау, әсіресе қыс мезгілінде көмек көрсету сауапты іс деп ойлаймын. Біз осы акция аясында ардагерлерге көмек көрсетіп қана қоймай, аудан орталығының көшелерінде, мекемелердің қызметкерлерімен бірлесіп тазалау жұмыстарына да атсалысамыз», - деді «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Дастан Төлеген.
Сондай-ақ Алматы қаласының Бостандық ауданында еңбек ардагері және мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлері мен аулалары тазаланды. Акцияға Сәулет, дизайн және инженерия колледжінің студенттері де қатысты. «AMANAT» партиясы Бостандық аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Дмитрий Дыбов қоғамға пайдалы іс-шараларды ұйымдастырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға күш салатынын атап өтті.
«Бұндай шаралар ауданымызды көркейтуге және тұрғындарды өмір сапасын арттыруға үлкен үлес қосады. Жастардың белсенділігі мен қоғамдық ұйымдардың қолдауы арқасында, экологиялық мәдениетті дамытып, таза әрі жайлы орта қалыптастырамыз», - деді ол.
Игі іс Түркістан қаласында да жалғасын тапты. Партияластар Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай майдангер Мырзахмет Жылысбаевтың шаңырағына келіп, үй шаруашылығын реттеуге қолғабыс жасады. Соғыс ардагері жас буынның көрсетіп жатқан құрметі пен көмегіне шынайы ризашылығын білдірді.
Ал Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында өткен экологиялық акцияға 50-ге жуық адам қатысты.
«Әр апта сайын қала көшелерінде, ескерткіштер маңы мен саябақтарда тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді. Бұл акция арқылы әрбір қала тұрғыны ортақ үйіміз – шаһарымызды ұқыптылықта ұстап, тазалық мәдениетінің дамуына себепші болары анық», - деді партияның Байқоңыр филиалының атқарушы хатшысы Мақсат Есбенбетов.
Сонымен қатар Қостанай облысы Б.Майлин ауданының Батырларға құрмет көрсетілген ескерткіш маңында тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияға қатысқан аудан тұрғындарының айтуынша, бұл іс-шара жас ұрпаққа Отан қорғаушылардың ерлігі мен құрметіне деген борыш сезімін тәрбиелеуде маңызды қадам.
Шымкент қаласы Қаратау ауданында Нұрсат тұрғын алабында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы қоқыстан тазартылды. Акцияға қатысушылар балалар алаңшалары мен аяқ жолдарын қоқыс пен қардан тазартып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасады.
«AMANAT» партиясының экологиялық акциялары еліміздің барлық өңірлерінде жалғасуда. Тазалық шаралары тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға да ықпал етуде. Бүгінге дейін эко-акция аясында республика бойынша 90 мың тонна қоқыс шығарылып, игі іске 50 мыңнан аса адам атсалысты.