Шығыс Қазақстанда тағы бір ауыл ішімдіктен мүлдем бас тартты
Жалғызтал – облыста алкогольден ресми түрде бас тартқан алтыншы ауыл

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына қарасты Жалғызтал ауылының тұрғындары ішімдік ішуден толықтай бас тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
150 тұрғыны бар 30 үйден тұратын елді мекен ресми түрде «ішімдіксіз ауыл» мәртебесін алды.
«Бұл бастама қылмыстың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шаралардың бір бөлігі. Жергілікті тұрғындар дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтап, қоғамдағы қауіпсіздікті нығайту үшін саналы түрде ішімдіктен бас тартты», – деп мәлімдеді ШҚО полиция департаменті.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы үш жылда ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Полицейлер құқық бұзушылықтардың басым бөлігі мас күйінде жасалатынын атап өтіп, Жалғызтал тұрғындарының бастамасын қолдайтынын айтты.
Жалғызтал – облыста алкогольден ресми түрде бас тартқан алтыншы ауыл. Жергілікті халық бұл шешімді тыныш әрі салауатты өмірге жасалған маңызды қадам деп есептейді және олардың бастамасы басқа қазақстандықтарға үлгі болады деп сенеді.