Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған 34 адам құтқарылды
Ешкім медициналық көмекке жүгінген жоқ

Ақтөбе облысында қарлы боран салдарынан жолда қалып қойған 34 адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдайдың алғашқы дерегі Ырғыз ауданына қарасты Ырғыз ауылынан 15 шақырым жерде тіркелді.
«Түн ортасында төрт жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында көліктерде болған 15 адам, оның ішінде 2 бала жылыту бекетіне жеткізілді», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Екінші оқиға Әйтеке би ауданындағы Жүргенов – Сарат тасжолында болды. Мұнда қарға батып қалған үш көліктегі 12 адам, соның ішінде 2 бала құтқарылып, Жүргенов ауылына жеткізілді.
Таңертең Мұғалжар ауданындағы Жұрые ауылынан 10 шақырым жерде төрт адам қар құрсауында қалып қойған. Оларды Ембі қаласына аман-есен эвакуациялады.
Құтқарылған азаматтардың жағдайы тұрақты, медициналық көмекті қажет етпейді. Төтенше жағдайлар қызметі ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілер мен жолаушыларға алыс сапарға шықпауға кеңес берді.