Күйеу жігіт қалыңдығы пәк болмағандықтан қайын жұртын сотқа берді
Ол қайын жұртынан тойға кеткен шығынның бәрін толықтай қайтаруды талап етті

Тәжікстанда күйеу жігіт қалыңдығы пәк болмағандықтан қайын жұртын сотқа берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол таныстары ұсынған қызға үйленген, бірақ алғашқы неке түнінде қалыңдығының пәк емес екенін білген. Күйеу жігіт қайын ата-енесін сотқа беріп, тойға жұмсаған ақшасын қайтаруды талап еткен. Сот оның талабын қанағаттандырған жоқ. Алайда қалыңдықтың ата-анасы күйеу жігітті жала жапты деп айыптап, қарсы шағым түсірді.
Currenttimeasia мәліметінше, Сухроб пен Хосияттың үйлену тойы 2024 жылдың 20 қыркүйегінде өткен. Күйеу жігіттің айтуынша, ол тойға және қалыңдығының қалың малына деп 60 мың сомони (5500 доллар) жұмсаған.
Қалыңдығының пәктігіне қатысты түсініктеме талап еткенде жұбайы «бәрін кейін түсіндіремін» деп жауап берген.
Күйеуі осыдан кейін Хосиятты пәктігіне қатысты сот-медициналық сараптамадан өтуін талап етті. Ол бұл сараптамадан өткен. Республикалық сот-медициналық сараптама орталығының қорытындысында қыздық пердеге зақым келген уақыттың мерзімін белгілеу «мүмкін емес» делінген.
Нәтижесінде ер адам өзін алданып қалғандай сезініп, әйелінің ата-анасына телефон соққан.
«Қайын атам айтқанымды тыңдап, қызын алып кететінін айтты және оларды масқара етпеуімді өтінді», - дейді Сухроб.
Ер адам тойға жұмсалған ақшаның барлығын қайтаруды талап еткен. Әйелінің әкесі 50 мың сомони қайтарып беремін деп уәде еткен, бірақ уәдесінде тұрмаған көрінеді.
Қарсы талап арызында қалыңдықтың отбасы күйеу жігітті қызына жала жапты деп айыптап, одан моральдық шығын үшін 10 мың сомони өтемақы төлеуді талап еткен.
Тәжікстан соты Сухробтың қалыңдығының отбасына қатысты шағымын қанағаттандырмады. Алайда қалыңдығының отбасы қойған қарсы талап арызын қанағаттандырды.