Сегіз жыл бұрын қарт кісіні пышақтап өлтірген: күдікті қан құрамына жасалған сараптама арқылы табылды
Қанды қылмыс 2017 жылдың қазан айында болған

Ақмола облысында сегіз жыл бұрын қарт кісіні өлтірген күдікті қан құрамына жүргізілген сараптама нәтижесі арқылы анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, молекулярлық-генетикалық сараптама арқылы оның кінәсі дәлелденді.
Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, 2017 жылдың қазан айында Аршалы кентіндегі тұрғын үйлердің бірінен 78 жастағы ер адамның көптеген пышақ жарақаттары бар денесі табылған.
Тергеу барысында күдікті ретінде сол кезде небәрі 16 жаста болған жергілікті тұрғын анықталғанымен, оны қылмысқа тікелей байланыстыратын айғақтар жеткіліксіз болды. Осылайша іс ашылмай, тергеу тығырыққа тірелген еді.
Алайда өткен жылдың желтоқсан айында күдікті Қостанай облысындағы шекара бақылау-өткізу пунктінде елден шығуға әрекет жасаған кезде ұсталды. Сот санкциясының негізінде одан қан үлгілері алынып, жүргізілген молекулярлық-генетикалық сараптама пышақ сабынан алынған биологиялық материалдың оған тиесілі екенін анықтады.
21 ақпанда Ақмола облысы прокуратурасының үйлестіруімен криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 23 жастағы күдіктіні Теміртау қаласында қолға түсіріп, оны Аршалы ауданының уақытша ұстау изоляторына қамады.
Қазіргі уақытта аталған кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Тиісті сараптамалар тағайындалып, қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.