Семейде оқушыны қатарластары аяусыз соққыға жықты: мектеп директоры жұмысынан қуылды
Білім басқармасы мәлімдеме жасады

Семейдегі оқушыны қатарластары аяусыз соққыға жыққанына байланысты мектеп директоры жұмысынан қуылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп шараларға байланысты Абай облыстық білім басқармасы мәлімдеме жасады.
«Болған оқиғаға байланысты дұрыс ұйымдастырылмаған оқу-тәрбие жұмысы үшін білім беру мекемелерінің басшыларына тәртіптік жаза қолданылды.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Семей қаласындағы №15 мектеп директоры мен Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мамандандырылған ұлдар мектеп-интернатының директорына сөгіс жарияланды. Семейдегі №9 мектеп директоры қызметінен босатылып, оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды», - деп хабарлады Абай атындағы облыстық білім басқармасынан.
Соққының салдарынан оқушы жабық бассүйек-ми жарақатын алған.
Айта кетейік, осыған дейін Семейде бір топ оқушы жасы кіші баланы аяусыз ұрып, мүшеқапты үрлеуге мәжбүрлегені хабарланған болатын. Осыдан кейін Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясы үш баланың әке-шешесін ата-ана құқығынан айыру және аяусыз ұрған балалардың бәрін девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мамандандырылған мектепке жіберу туралы шешім қабылдады.