«Той ұйымдастыруға 7,4 мың доллар алып, қашып кеткен»: алаяқ ұсталды
Одан бөлек 66,3 миллион сумды қолды қылған

Ташкентте неке қию сарайының әкімшісі қызметін атқарған азамат той ұйымдастыруға қатысты алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy UPL.UZ порталына сілтеме жасап.
Қалалық Ішкі істер Бас басқармасының мәліметінше, ол 66,3 миллион сум және 7,4 мың АҚШ долларын жымқырған.
Күдікті тапсырыстар қабылдап, той күнін белгілеп, алдын ала төлем алған, алайда белгіленген күні зал дайын болмай шыққан. Зардап шеккендердің бірі тойға толық төлем жасағанын, бірақ не жарығы, не үстелі жоқ, мүлдем дайындалмаған залға тап болғанын айтқан.
Ер азамат бизнес жүргізу үшін арнайы орынды жалға алғанын, алайда әртүрлі клиенттерден алған 2,1 мың доллар, 20 және 15 миллион сумды қарыздарын өтеуге және жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын мойындады.
Бұл фактіге қатысты Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 168-бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Билік органдары азаматтарды қызмет көрсету бойынша ресми келісім-шарт жасауға шақырады.