«Неткен арсыздық?!»: Ақтөбе аудан әкімдігі желіде спортшы қызды балағаттаған
Әкімдік аккаунтты бәз біреулер бұзғанын айтады

Теннисші Аружан Сағындықова өзінің әлеуметтік желісінде Ақтөбе қаласы, Астана ауданы әкімдігі тарапынан түрлі балағат сөздер жазылған хаттар келгенін хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Астана ауданы әкімдігі «аккаунтты бәз біреулер бұзған» деп ақталып, кешірім сұраған.
«Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасын белгісіз біреулер бұзған. Астана ауданы әкімдігінің парақшасы арқылы кейбір тұлғалардың жеке парақшаларына хабарламалар жіберілген. Оның ішінде теннисші Аружан Сағандықованың аккаунтына да бар.
Аудан әкімдігі Аружан Сағындықовадан және басқалардан қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Біз осындай жағдайлардың алдын алу үшін шаралар қабылдайтын боламыз», – деп жазады әкімдік.
Алайда спортшы әкімдіктің мұндай жауабына сенімсіздік білдіріп отыр, өйткені дәл сол уақытта аккаунтта жазбалар жарияланған.
«Аккаунтты бұзды дегенге сенгім-ақ келеді, бірақ әкімдік бізге балағат сөздер жіберген уақытта әдеттегідей жазбалар жариялап жатты. Неткен арсыздық?! Неге әкімдік аккаунтқа жауапты адамдардың іс-әрекеттерін қадағаламайды?», – деп жазды спортшы.