$ 502.47  525.83  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Құмар ойындар жарнамасы: лудоманияның алдын алу үшін заңға қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін

Заң бұзылған жағдайда қандай жаза берілуі мүмкін екені белгілі болды

Құмар ойындар жарнамасы: лудоманияның алдын алу үшін заңға қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев құмар ойындардың жарнамасына қатысты енгізілуі мүмкін жаңа шектеулер жайлы тізбектеп айтып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол сөз басында былтыр қабылданған заңға толықтырулар қажет болғанын, тиісінше жаңа өзгерістер әзірленгенін ерекше қозғап өтті.

«Былтыр біз ойын бизнесі туралы заң қабылдадық. Бірақ әлі де бірқатар норманы жіктеу, нақтылау керек екеніне көзіміз жетті. Бұл бойынша «AMANAT» партиясы жанындағы өзім жетекшілік ететін жастар кеңесінде де өкілетті органдарды жинап, кемшіліктерді сараладық. Енді оның ішіне не енгіздік? Еліміз бойынша спорттық ғимарат болып саналмайтын нысандардың бәрінде сыртқы және ішкі жарнамаларда букмекерлік сияқты құмар ойындар болмауы керек. Барлығына тыйым салынды. Бұл – бірінші.

Екіншіден, спорт ғимараттарында бұрын құмар ойындарға қатысты жарнамалар бола беретін. Енді екінші нормамен оған да шектеу қойып отырмыз. Тек қана спорт ғимараттарында ресми спорттық іс-шаралар кезінде ғана қойылады. Өйткені, ойыншылардың футболка киіп шығатыны бар. Ал басқа кезде түгелдей шектеу қоюымызға себеп бар. Мысалы айына төрт күн ойын өтсе, сол күндері ғана көрсетіледі, ал қалған 26 күнде шектеу болады. Себебі, ол жерлерде үйірмелер бар, балалар баратын түрлі жиындар бар. Олар құмар ойындардың жарнамасын көрмеуі керек. Бұл – екінші норма.

Үшінші норма туралы айтсам, осыған дейін құмар ойынның жарнамасын SMS арқылы хабарлауға тыйым салынған. Бірақ адамнан қулық артылмайды. Содан кейін құмар ойынға шақыратындар жасанды интеллект арқылы телефон шалуға көшкен. Бұл туралы былтыр депутаттық сауал жолдадым. Нәтижесінде, абоненттік құрылғыларға құмар ойынның кез келген түрін жолдауға тыйым салдық. Оған былтырғы SMS те кірді, енді хабарласуға да болмайды, What’s APP, Telegram арқылы да жіберуге тыйым салынады», - дейді депутат.

Ол сөзін жалғай отырып, заң бұзылған жағдайда қандай жауапкершілік көзделгенін түсіндіріп өтті.

«Біріншіден, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Екіншіден, құмар ойын өткізетіндердің лицензиясын тартып алу мәселелері бар. Бірақ Әкімшілік кодекске қосымша бұл жүктемені көбейтетін нормаларды беріп жатырмыз», - дейді Нартай Аралбайұлы.

Депутат сондай-ақ құмар ойын ойнауға шектеу қойылғандардың мәселесін де ерекше қозғап өтті.

«Олар – айыппұл төлемегендер, уағында сотталып, түрмеде отырғандар, алимент төлемегендер және т.б. Бірақ бұл жерде шартты түрде бас бостандығынан айырылғандар және бас бостандығы шектелгендерге қатысты мәселе бар. Олар құмар ойын ойнауға тыйым салынғандардың тізімінде жоқ болатын. Енді осы екі топты да бұл тізімге қостық», - дейді ол.

Айтуынша, бәс тігетіндер енді құжат бойынша тыйым салынғандардың базасында бар-жоғы тексеріледі. Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің іші-сыртында да құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынғанын да тілге тиек етіп өтті.

Серіктес жаңалықтары