$ 499.22  519.14  5.64
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Балалардың бесік жырына айналды»: Қазақстанда TikTok желісін бұғаттау мәселесі тағы қозғалды

Соңғы екі жылда аталмыш әлеуметтік желіге 14 миллионнан астам қазақстандық тіркелген

«Балалардың бесік жырына айналды»: Қазақстанда TikTok желісін бұғаттау мәселесі тағы қозғалды
Фото: t.me/mazhilis_kz

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Жанарбек Әшімжан Қазақстанда TikTok желісін бұғаттау мәселесін көтеріп, премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат сөз басында жастардың тәрбиесіне әлеуметтік желі үлкен зиян тигізіп отырғанын қозғап өтті.

«Бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері – әсірелеп айтсақ атом бомбасынан кем болмай тұр.

Өткен жылы әріптесім Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы тиісті орындарға дабыл қағып еді, селт еткен жан жоқ. Сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіп «бұрын балалаларды «тәк-тәкпен» тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз» деп еді мінбеден. Өлі тыныштық.

Сөз жоқ, қазір – ақпараттық ғасыр. Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ опық жейміз», - дейді Жанарбек Әшімжан.

Депутат сөзін жалғай отырып, соңғы екі жылда аталмыш әлеуметтік желіге 14 миллионнан астам қазақстандық тіркелгенін тілге тиек етті.

«Бұл ретте, балалар мен жасөспірімдер арасында TikTok кеңінен танымал. Соңғы екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр.

Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралып жатыр. Жасөспірімдердің TikTok-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес», - деп ашынды халық қалаулысы.

Депутат сөз арасында мағынасы жоқ, түрлі челлендждер белең алып отырғанын, бұл ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етіп отырғанын айрықша қозғап өтті.

«Мәселен, «Мысық серуені» деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаса, оған қатысушылар подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүруі тиіс. Мән-мағынасы жоқ челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан.

Екі жастың біріне келмеген қыздарымызды бөксемен билеуге шақырып, арнайы үйрену үлгілерін ұсынып жатқан контенттер саңырауқұлақтай қаптады.

Расында, қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысуда. Соның салдарынан ұлттық құндылықпен сусындамаған жас ұрпақ өсіп келеді», - дейді мәжілісмен.

Ойын жалғай отыра мәжіліс депутаты атылмыш желіні әлемнің бірқатар елі бұғаттағанын айта отырып, Қазақстан да осы үрдісті жалғау керек деге ойын жеткізді.

«Осыны ескеріп әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында TikTok-қа шектеу қоюды немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алуда. Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді.

Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар... Еуропа Одағы, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия аумағында балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес.

Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені, TikTok-ты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады. Сондықтан ұрпағымызды TikTok-тан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр», - деп Жанарбек Әшімжан қоғамдағы проблеманы көтерді.

Сөз соңында Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынды.

  1. TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою.
  2. Елімізде TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек деп есептейміз.
Серіктес жаңалықтары