Астаналық оқушы 7 жасында математикадан әлемдік олимпиадада алтын медаль жеңіп алды
Осы жеңісінің арқасында ол Сингапурға жолдама жеңіп алды

Астаналық оқушы математикадан әлемдік олимпиадада алтын медаль жеңіп алып, Сингапурға жолдама алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана әкімдігінің мәліметінше, №81 Astana English school халықаралық мектебінің 1-сынып оқушысы Нұрлан Нұрдаулет халықаралық «StemCo» халықаралық олимпиадасына қатысып алтын медаль иеленді, сол сияқты 4-сынып оқушысы Зере Ақболат үшінші орынға ие болып, қола медаль еншіледі.
«Алғашқы онлайн кезеңнен сүрінбей өткен жеті жастағы оқушы Сингапур қаласында өтетін финалдық кезеңге жолдама алды.
Өткен жылы ғана мектеп табалдырығын аттаған Нұрлан Нұрдаулет «Математика және science» пәні бойынша үздік нәтиже көрсетіп, қарсыластары ішінен оза шауып, бірінші орынға табан тіреп, еліміздің атын асқақтатты.
Ал ел намысын қорғаған Зере Ақболат «Жаратылыстану» пәні бойынша бақ сынап, қола медаль еншіледі», - делінген әкімдік хабарламасында.