Маңғыстау облысында есірткі, қару-жарақ сақтаған ер адам ұзақ жылға сотталып кетті
42 жастағы тұрғын былтыр Ақтау қаласында қолға түскен

Ақтау тұрғынынан марихуана салынған 60 сіріңке қорабы, екі аңшылық мылтық және 500-ге жуық оқ-дәрі тәркіленді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
42 жастағы жергілікті тұрғынды 2024 жылы Ақтау қаласының 4 шағын ауданында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұстады. Оның «Нива» көлігінде 60 марихуана сіріңке қорабы, екі аңшылық мылтық және 500-ге жуық оқ-дәрі табылды.
Ұсталған адамға қатысты өткізу мақсатында есірткіні заңсыз сатып алғаны, тасымалдағаны және ірі мөлшерде сақтағаны үшін ҚР ҚК 297-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу органдары сотқа дейінгі тергеу қорытындысы бойынша қылмыстық істі сотқа берді. Биыл ақпан айының басында сот үкім шығарды, деп хабарлады аймақ полициясының баспасөз қызметі.
Ақтау қалалық қылмыстық соты ер адамды кінәлі деп тауып, оған жеті жыл бас бостандығынан айыруды тағайындады.