$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.10.2019, 16:10
Оқиғалар

Қарағанды соты Серік Ахметовтің өтінішін қанағаттандырған жоқ

Серік Ахметовтің адвокаты Николай Лесник сотқа шығынды толығымен өтегенін растайтын құжаттар мен түбіртектерді өткізген. Алайда, бұл дәлелдерімен прокурорды да, судьяны да сендіре алмаған

Қарағанды соты Серік Ахметовтің өтінішін қанағаттандырған жоқ
Фото: ашық дереккөзден

Қарағандыдағы Қазыбек би аудандық соты бұрынғы Үкімет басшысы Серік Ахметовтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қараудан бас тартты. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.

Бүгін Қарағанды қаласындағы аудандық сот бұрынғы Премьер-министр Серік Ахметовтің бас бостандығын шектеу жазасынан шартты түрде босату, мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салу туралы шектеуді алып тастауға байланысты өтінішін қанағаттандырған жоқ.  

«Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 2 қазандағы №6 «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жазаның орнына ауыстырудың және жазаны жеңілдетудің сот практикасы туралы» қаулысының негізінде соттан біздің өтінішімізді қанағаттандырып, менің қорғауымдағы адамды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды, негізгі және қосымша жазадан босатылуын сұраймыз», - дейді Серік Ахметовтің адвокаты Николай Лесник.

Николай Лесник сотқа шығынды толығымен өтегенін растайтын құжаттар мен түбіртектерді өткізген. Ол қорғауындағы Серік Ахметовтың мерзімінен ерте босатуға қажетті барлық шартты орындағанын айтады. Алайда, бұл дәлелдерімен прокурорды да, судьяны да сендіре алмаған.

«Қарағанды ​​қаласы Қазыбек би ауданының пробация қызметі ұсынған ақпаратты зерделей келе, сотталған адамның толық түзеліп шыққанын дәлелдейтін қажетті деректің жоқтығына байланысты Ахметов Серік Нығметұлының өтінішінен толықтай бас тарту керек деп санаймын», - деп түсіндірді прокурор Әсем Тергеубекова.

Естеріңізге салайық, экс-премьер Серік Ахметов 2015 жылғы желтоқсанда бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталған еді. Кейін апелляциялық инстанция Серік Ахметовтің жазасын жеңілдетіп, 10 жылдан 8 жылға азайтқан. 2017 жылдың қаңтарында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша С.Ахметовтің өтелмеген мерзімінің төрттен бірі азайтылып, сол жылдың қыркүйек айында бостандыққа шықты.

Серіктес жаңалықтары