«Жұлқып, қолын шығарған»: Маңғыстау балабақшаларының бірінде жаға ұстатарлық жағдай болды
Қолы шыққан қыздың ата-анасы одан сорақы былықтың бетін ашты
![«Жұлқып, қолын шығарған»: Маңғыстау балабақшаларының бірінде жаға ұстатарлық жағдай болды](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/08/67a6b58a26918749492702.webp)
8 баланың екі ыдыстан бір қасықпен тамақтанып отырғанын ата-аналары бейнежазбадан көріп, жаға ұстаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Қызының есімін атамауды өтінген ана бүлдіршіннің қолы шығып кеткенін кешкісін әкесі балабақшадан алып кетуге барғанда бір-ақ білген. Жеке бөбежайға қатынап жүрген кішкентай қыздың қолы зақымдалғанын дәрігерлер де растады. Анасы сол күні ауруханадан шыға сала, мектепке дейінгі білім беру орталығына барып, камера жазбасын қараған. Нәтижесінде тәрбиешінің баланы қолынан жұлқып көтеріп қалғанын көреді.
«Ал бұл – кадр балалардың кешкі ас ішіп отырған уақыты. Бір дастархан басында 8 бүлдіршін отыр. Алдарында екі сорпа ыдысы қойылған. Ал тәрбиешісі жалаң қолмен нанды турап, сол ыдысқа салып береді. Бергенде де, жеке-жеке емес, бір қасықпен 8 баланы бірден тамақтандырады», – делінген телеарна материалында.
Жеке балабақшаның директоры Раушан Аяпбергенова жағдайға қатысты түсініктеме беріп, екі қызметкердің жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.
«Ол артық ыдыс-аяқты жуғысы келмей, жұмысын жеңілдету үшін солай жасаған. Сол күні мен жұмыста болмадым, жылдың басы болған соң балабақшаға өзгерістер енгізейін деп орталықтың шаруасымен сыртқа шығып кеттім. Негізі бала санына қарай керекті құралдар жеткілікті, тамақ та аз емес», – деді жеке балабақшаның директоры Раушан Аяпбергенова.
Мұнайлы аудандық білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы бұл жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданғанын айтты.
«Болған жағдайға байланысты қызметкерге арнайы айыппұл салынды. Қазіргі таңда аталған кемшіліктерге байланысты құзырлы органдарға шара алу жөнінде хат жолданған. Қазіргі таңда ол бала басқа балабақшада тәрбиеленіп жатыр», – деді Мұнайлы ауданы Білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы.