Пешті жақпақ болған: Ақмола облысында қазандық жарылысынан бала зардап шекті
Оны қатты күйік шалып, сол жақ білегі сынған

Ақмола облысында, Астрахань ауданында 6 ақпан күні пеш жағуға әрекеттенген 13 жастағы бала жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sinegor басылымына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәмелетке толмаған баланың алған жарақаты бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Алдын ала ақпарат бойынша, қайғылы оқиға 6 ақпанда болған.
Полицейлердің мәліметінше, 2011 жылы туған жасөспірім пешті өзі жағуға бел буған, сол кезде қазандық жарылған.
«Оқиға салдарынан кәмелетке толмаған бала күйік алып, сол жақ білегі сынған. Жасөспірім қазір ауруханада жатыр. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін анасына ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары бойынша міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – делінген хабарламада.
Бұл оқиғаға Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы да түсініктеме берді.
«Жарақат алған бала 13 жаста, Астрахань аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде емделіп жатыр. Бас, мойын, жалпы денесінің 15%-ын ІІ-ІІІ дәрежелі күйік шалған. Сол қолдың екі сүйегінің төменгі үштен бір бөлігі ығысып, іштей сынған. І дәрежелі травматикалық шок. Қазір жағдайы орташа, тұрақты», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілі.