«44 күн өмір үшін күрес»: дәрігерлер шала туған сәбиді аман алып қалды
Туған кезде шақалақтың салмағы – небәрі 960 грамм, ал бойы – 37 см болған

Алматыдағы №2 Қалалық перинаталды орталықтың дәрігерлері 29 аптада дүниеге келген нәрестенің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталық директорының неонатология жөніндегі орынбасары Айнұрым Сарбасқызының айтуынша, нәресте шұғыл кесарь тілігі арқылы дүниеге келген.
Операция плацентаның мерзімінен бұрын ажырауымен сәбидің өміріне төнген қауіпке байланысты жасалған.
«Туған бойда баланың жағдайы өте ауыр болды – Апгар шкаласы бойынша небәрі 1/3 балл алды. Бұл оның өмірі үшін үлкен күрес басталғанын білдірді», – дейді дәрігер.
Сәби жаңа туған нәрестелер реанимациясына ауыстырылып, тыныс алу аппаратына қосылды. Өкпесін ашу үшін сурфактант енгізіліп, бактерияға қарсы терапия жүргізілді, зонд арқылы қоректенді. Дәрігер-реаниматологтар мен медбикелер командасы сәбиді тәулік бойы бақылауда ұстады.
Жетінші күні баланың жағдайы тұрақталып, ол қарқынды терапия палатасына ауыстырылды. Төрт күннен кейін анасымен бірге бір бөлмеге жатқызылды.
44 күндік күрестен кейін сәби 2 келі салмақпен үйіне шығарылды.