«Тальго» пойызында зорланған қызға ҚТЖ 3 миллион теңге төлейтін болды
Алайда қоғам белсенділері соттың мұндай шешіміне наразы

«Тальго» пойызында зорланған қызға қатысты іс жалғасын тауып, бүгін жаңа үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін сот «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ны уәде етілген қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін кінәлі деп тауып, зардап шеккен әйелге 3 миллион теңге моральдық шығынды өтеу туралы шешім шығарды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жауапкершіліктен қашып, бәрін еншілес компаниясы «Жолаушылар тасымалы» АҚ ғана жауып отыр», – деп жазады Дина Таңсәрі өзінің Telegram-дағы парақшасында.
Дәл осындай соманы – 3 миллион теңгені ұлттық компания медиациялық келісімде ұсынған, бойжеткен одан бірден бас тартты.
Қоғам белсендісінің айтуынша, жолсеріктер зорлық-зомбылық көрсеткеннен кейін араға бір жыл салып жазаланған. Жетес Үмбеталиев пен Қолқанат Құрманиязов 5 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ қазір олар бостандықта, біреуі шартты түрде босатылды.
«Жәбірленуші тарап, яғни біздің клиентіміз 832 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етті - ол емделуге кеткен ақыны, бизнесі мен табысынан айырылуына байланысты шығынды есептеп шыққан», – делінген хабарламада.