Қақаған аязда Алматы тұрғындары жылусыз қалды: құрылыс компаниясы жауап берді
Ыстық су осыдан екі ай бұрын өшкен

Алматыда «Шұғыла City» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бірнеше күннен бері жылусыз отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, пәтерлердің қабырғасы дымқылданып, түсқағаздары түсе бастаған, едендегі линолеум көтеріліп кеткен. Суықтан қорғану үшін олар электр жылытқыштарын пайдалануға мәжбүр.
«Бес күн бойы жылусыз отырмыз. Күн қатты суық. Үйдің іші даладай салқын. Аяғым үсіп, баса алмай қалдым. Пешті құшақтап жатқым келеді», – дейді тұрғын Нұржамал Ілиясова.
Көпшілігі бұл жағдайға сервис көрсететін компанияны кінәлайды.
«Дәлізде су ағады. Жүйеленбеген. Ыстық су құбыры тым сапасыз. Жасаған жөндеуім бұзылып жатыр. Шығынын жауып берсін. Ыстық су құбырларын ауыстырып берсін. Жүйелендіріп берсін. Жылу да жоқ, өшіріп тастаған. Қосса, кез келген жерінен су тесіп шығып жатыр» – деп талап етті тұрғын Рамазан Жабаев.
Жауапты QazaqStroyService компаниясының өкілдері өз міндеттерін орындап жатқанын алға тартты.
«Үй – жаңа, алғашқы жылыту маусымы болған соң, мұндай жағдайлар болып тұрады. Біз мәселені мүмкіндігінше тез шешуге тырысамыз», – деп түсіндірді компанияның атқарушы директоры Жанна Тілебаева.
Құрылысшылар бір апта ішінде жылу мен ыстық су мәселесін шешуге уәде берді. Ал пәтерлері бүлінген тұрғындар жөндеу шығынын өндіріп алуға ниетті.