Ақмола жолдарында қатаң бақылау: полиция қарлы ауа райына дайындықты күшейтті
1-3 ақпан аралығында Ақмола облысында қалың қар жауып, жол жағдайы күрт нашарлауы мүмкін

Осыған байланысты полицейлер бақылауды күшейтіп, жүргізушілерді барынша сақ болуға шақырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаменті хабарлағандай, қарлы ауа райында қозғалыстың шекті жылдамдығы 140 км/сағ-тан 60 км/сағ-қа дейін төмендейді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патрульдік полицияның 300-ден астам қызметкері мен жол-техникалық инспекцияның 21 маманы жұмылдырылды. Олар трассалардағы жағдайды қадағалап, жолдардың уақытылы тазалануын бақылайды.
«Қар жауған кезде жолды анық көру мүмкіндігі төмендейді, сондықтан жүргізушілерді мұқият болуға, жылдамдық режимін сақтауға және мүмкіндігінше алыс сапарлардан бас тартуға шақырамыз», — деді Ақмола облыстық ПД ЖПҚБ бастығы Аслан Қызбикенов.
Жүргізушілерге құтқару қызметтері мен полицияның жедел хабарламаларын бақылап, жол жағдайына қатысты ақпаратты қадағалау ұсынылады.