Қазақстанда медбикелердің еңбек жағдайы жақсартылмақ
ДСМ бұл бастамалар елдегі орта медициналық қызметкерлердің мәртебесін көтеруге бағытталған дейді

Денсаулық сақтау министрлігі медбикелердің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша қосымша шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл қадам Халықаралық еңбек ұйымының «Медициналық қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы, еңбек және өмір сүру жағдайлары туралы» Конвенциясын ратификациялау мақсатында қолға алынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен өткен кездесуде министрлік өкілдері, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Ләззат Ақтаева және Қазақстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібай аталмыш Конвенцияны ратификациялаудың маңызы мен оның нәтижелерін талқылады», — делінген хабарламада.
Халықаралық еңбек ұйымы қазақстандық тарапқа Конвенцияны ратификациялағаннан кейін қажетті іс-қимылдарды жүзеге асыру бойынша сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар елімізде «медбике персоналы» ұғымын барлық сектордағы медбикелік қызмет пен күтіммен айналысатын мамандарға бірдей қолдану бойынша ұсыныстар берілді.
Министрлік Конвенцияны ратификациялағаннан кейін білім беру, әлеуметтік қорғау және басқа да салаларда медбике қызметкерлеріне денсаулық сақтау секторындағыдай құқықтар мен міндеттер берілетінін мәлімдеді.
Конвенцияны ратификациялау Қазақстанда халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуге серпін бермек. Бұл шаралар медбикелердің еңбек жағдайларын жақсартумен қатар, пациенттерге көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бастамалар елдегі орта медициналық қызметкерлердің мәртебесін көтеруге және оларды қолдауға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.