Ақтауда Бакуге ұшатын ұшақтан араққа тойып алған әйел адам қуылды
Мас жолаушы ұшақтан түсірілді

Оқиға Ақтау қаласының әуежайында ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде болған. 49 жастағы қала тұрғыны мас күйде болып, әуежайдың тексеру қызметінің инспекторына балағат сөздер айтып, ескертулеріне құлақ аспаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, құқықбұзушыны ұсталып, оған қатысты алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік хаттама толтырды.
Ұсақ бұзақылық бойынша іс шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
«Жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері 53-ке жуық ұсақ бұзақылық фактілерінің жолын кесті. Бұл деректердің барлығында құқықбұзушылар заңға немқұрайлы қарап, қоғамдық тәртіп пен басқа азаматтардың тыныштығын бұзған. Түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әуе рейстерінен 54 жолаушы түсірілді, оның ішінде 31-і қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін», - делінген ПД хабарламасында.