«Бір бөлмелі пәтер үшін 200 мың теңге керек»: Қазақстанда үйді жалға алу құны 8 пайызға жуық қымбаттаған
Бұл тізімде Алматы көш бастап тұр
2024 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы бойынша жаңа үйлердегі пәтерлердің бір шаршы метрі 500 198 теңге, бұрын сатылған үйлердегі пәтерлердің бір шаршы метрі 516 203 теңгеге сатылған. Ал, еліміз бойынша жалға беру құны бір шаршы метрі үшін 4 565 теңге болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бір жылда (2023 жылғы желтоқсанға қарағанда 2024 жылғы желтоқсанда ) пәтерлерді қайта сату бағалары – 4,2%, жаңа тұрғын үйлерді сату 3% өсті. Ал, жалға алу бағасы бір жылда 7,9% қымбаттаған», - деп хабарлады ұлттық статистика бюросы редакцияға берген жауабында.
2024 жылғы желтоқсан айында жалға берілетін пәтерлердің бір шаршы метрі Алматы қаласында – 5 344 теңге, Астана қаласында – 4 959 теңге, Қарағанды қаласында 4 234 теңгені, ал ең төмен баға Тараз қаласында – 2 131 теңге, Қызылорда қаласында – 2 455 теңге, Түркістан қаласында 2 462 теңге болған.
Мәселен, Астанада бір бөлмелі пәтерлердің аумағы негізінен 38-40 шаршы метрге тең. Ресми статистика бойынша, енді осы пәтердің аумағын әр шаршы метрі үшін 4959 теңге деп санасақ, Астанада бір бөлмелі пәтер 188 442 теңгеге, ал 40 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтер 198 360 теңге болған. Ал 60 шаршы метрлік екі бөлмелі үйлердің жалға алу құны 297 540 теңгеге тең, яғни, 300 мың теңгеге жуықтаған.
Осы есеппен Алматыдан 38 шаршы метр бір бөлмелі үй жалдасаңыз 203 мың теңге, 40 шаршы метрге 213 760 теңге төлейсіз. Ал екі бөлмелі пәтерді 60 шаршы метрден қарастырсақ, Алматыдағы жалға алу құны 320 640 теңге болады.