$ 516.85  537.68  5.26
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

26 қаңтардан бастап Қызылорда-Арал тас жолы ақылы болады

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады

26 қаңтардан бастап Қызылорда-Арал тас жолы ақылы болады
Фото: ҚазАвтоЖол

26 қаңтардан бастап Қызылорда мен Арал қалаларын байланыстыратын автожол автобустар мен жүк көліктері үшін ақылы болды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұзындығы 454 шақырымды құрайтын жол «РФ шекарасы (Самара) – Шымкент» республикалық маңызы бар автожолының бөлігі саналады және II техникалық санаттың нормативтік талаптарына сай келеді.

«26 қаңтардан бастап бұл учаскеде ақы төлеу жүйесі іске қосылды. Жол бойында 6 бақылау аркасы мен клиенттерге қызмет көрсету орталығы орнатылған. Жоғары жылдамдықты камералар автокөліктердің қозғалысын, жылдамдығын және жүріс жиілігін тіркейді. Сондай-ақ, kaztoll.kz сайтындағы «Онлайн-трансляция» бөлімінен жолдағы жағдайды бақылауға болады», — деп жазылған хабарламада.

Ақылы жолда тұрақты төлем бекеттері мен шлагбаумдар жоқ. Бұл көлік кептелісін болдырмай, қозғалыс қауіпсіздігін арттырады және уақытты үнемдейді. Төлем тек қолма-қол ақшасыз тәсілдермен жүргізіледі.

Төлем тәсілдері:

  • Интернет-банкинг;
  • Төлем терминалдары;
  • Электронды әмияндар;
  • Ұялы телефон балансы арқылы;
  • E100 отын картасы;
  • Заңды тұлғалар үшін келісімшарт жасау.

Бағалар

16 орынға дейінгі автобустар мен 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері:

  • Алдын ала төлем: 2840 теңге
  • Кейінгі төлем: 3330 теңге

 32 орынға дейінгі автобустар мен 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері:

  • Алдын ала төлем: 5750 теңге
  • Кейінгі төлем: 6740 теңге

32 орыннан жоғары автобустар мен 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері:

  • Алдын ала төлем: 8570 теңге
  • Кейінгі төлем: 10 100 теңге

10-15 тонна аралығындағы жүк көліктері:

  • Алдын ала төлем: 11 470 теңге
  • Кейінгі төлем: 13 470 теңге

15 тоннадан жоғары жүк көліктері, тіркемесі барлар:

  • Алдын ала төлем: 14 290 теңге
  • Кейінгі төлем: 16 830 теңге

Жеңіл көліктерге тегін

Жол жеңіл автокөліктер үшін ақысыз болып қала береді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға арналған айлық және жылдық абонементтер қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары