«Еш дәлел жоқ»: Шымкентте шетел азаматы белгісіз қарызы үшін елден шыға алмай отыр
Сот оны 31 миллион теңге қарыз деп таныған
Шымкент соты Грекия азаматшасы Ксения Калпакидуды 31 миллион теңге қарыз деп танып, оны елден шығуға шектеу қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy vera.kz-ке сілтеме жасап.
Ксения Калпакиду қараша айының ортасында әкесінен қалған мұраны рәсімдеу үшін Қазақстанға келген. Құжаттарды реттегеннен кейін Грекияға оралуға дайындалған, алайда ұшар алдында сот орындаушысынан 31 миллион теңге қарызы бар екенін және елден шығуға тыйым салынғанын білген.
«2022 жылы Астанада белгісіз біреу маған 31 миллион теңге қарыз берген екен-міс. Ешқандай қолхат немесе дәлел жоқ. Сот маған бұл шешімді түсініксіз негіздермен шығарған», — дейді Ксения Калпакиду.
Ксения 1995 жылдан бері Грекияда тұрады және сол уақыттан бері Қазақстанға келмегенін айтады. Ол өткен жылдың қараша айында мұрасын рәсімдеп, желтоқсанның 12-сінде алған мұрасы белгісіз адамның қарызы үшін бұғатталғанын білген.
Сот бірінші инстанцияда істі жеңілдетілген тәртіпте, тараптардың қатысуынсыз қарап, шешім шығарған. Адвокаттардың айтуынша, бұл шешім үлкен сомадағы қарызға байланысты талаптарды бұзады.
«Түркістан облысының бір тұрғыны азаматшаның мұрасына тегін иелік етуді көздеп, сот арқылы бұл шешімді шығаруға қол жеткізген. Бұл әрекет тек заңды бұзу емес, заңды мазақ ету», — деді адвокат Игорь Балабойкин.
Грекия азаматшасы өз елінің елшілігіне көмек сұрап жүгінді. Сонымен қатар ол және оның адвокаты бұл жағдайға кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына арыз түсірмек. Ксенияның визасының мерзімі аяқталуға жақын, сондықтан ол мәселенің тезірек шешілгенін қалайды.