«Ресей азаматы құрған»: Алматыда интернет-алаяқтардың Call-орталығы анықталды
Call-орталық ірі бизнес-орталықтардың бірінде орналасқан
Алматыда интернет-алаяқтардың Call-орталығы анықталып, оны Ресей азаматы ұйымдастырғаны белгілі болды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Call-орталық ірі бизнес-орталықтардың бірінде орналасқан. Оның ұйымдастырушысы Ресей азаматы болса, қызметкерлердің қатарында 24 қазақстандық азамат болған. Олар клиенттерге қоңырау шалып, криптовалютаға инвестиция салуды ұсынған. Клиенттерден ақша алынғаннан кейін, алаяқтар олардың қоңырауларын бұғаттаған», — делінген хабарламада.
Оқиға орнында 60 дана компьютер мен басқа да жабдықтар тәркіленген. Онда қоңырау шалуды анонимді түрде жүзеге асыруға арналған арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету, GSM-шлюздер мен Sim-Box құрылғылары орнатылған. Сондай-ақ, клиенттермен сөйлесу алгоритмдері жазылған дайын сценарийлер бар блокноттар да табылған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша алаяқтыққа қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Жәбірленушілер мен келтірілген залалдың мөлшері анықталып жатыр.