«Менен кейін ұл болғанын қалады, бірақ ырым іске аспады»: актриса есімі туралы айтып, көзіне жас алды
Ол ұлды күткен соң ат қойылған қыздардың атынан бұл ырымға пікір білдірді
Актриса Ұлболсын Шалқарова «Мамский әңгіме» подкастына берген сұхбатында ана атанған кездегі алғашқы сезімдерін бөлісіп, жаңа статустағы өмірі қалай өтіп жатқаны жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сұхбат барысында актриса мен журналист қыздан кейін ұл тусын деген ырыммен қойылатын есімдерге тоқталды.
«Менің атым жүзеге асқан жоқ. Менен кейін қыз, одан кейін ұл туған. Ырымдап қойды ғой атымды, менен кейін ұл болсын деді. Бірақ ол ырым жүзеге аспады», — деді актриса.
Ол өзінің есімін қабылдағанына екі жыл ғана болғанын айтты.
«Ата-анама реніш жоқ. Атымды атам қойған. Бірақ ұлды күткен соң ат қойылған адамдардың атынан жауап бергім келіп тұр. Бәрінде солай шығар. Сені күткен жоқ, сені қалаған жоқ сияқты сезім болады. Ұлды күтті. Сен тудың. Үмітін ақтамадың. Сен келгенде қуанбаған сияқты сезім болады. Бекер дүниеге келмегеніңді дәлелдегің келіп тұрады», — дей келе актриса көзіне жас алды.
Ол барынша әке-шешесіне салмақ салғысы келмей, ыңғайлы болуға тырысқанын, мінезін көрсетпегенін айтты. Барынша махаббатқа бөленіп өссе де, сондай ойлар болғанын жеткізді.