Шымкентте мүгедектікті қолдан жасап бергендер сотталды
Олар ірі көлемде айыппұл төлейді
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы мен қалалық емхана медбикесі мүгедектікті қолдан жасап беріп отырған. Медбике делдал болып, бұрынғы бөлім басшысы мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан бірнеше рет мүгедектік мерзімін ұзарту бойынша жалпы 500 000 теңге пара алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Сотталушылар Қылмыстық кодекстің 366 және 368 баптары бойынша айыпталып, бөлім басшысы 23 млн. теңге, ал медбике 10 млн. теңге айыппұл арқалады.
«Тәуекелдер мүгедектікті белгілеу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік төлемдерге жәрдемдесу, әлеуметтік төлемдер мен қызметтерге бюджет қаражатын игеру мәселелерінде анықталды. Аталған салада қылмыстық іс те тіркелді. Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы мен қалалық емхана қызметкеріне қатысты үкім шығарылды, олар мүгедек балалардың ата-аналарынан мүгедектік тобын белгілегені үшін жүйелі түрде пара алып отырған», – деді Шымкент қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Жандос Бекасанов.